16 наурыз күні Жиделі орта мектебінде биология және химия пәні мұғалімдерінің басын қосқан «Биология, химия сабақтарында проблемалық оқыту және зерттеушілік тәсіл» атты аудандық семинар жоғары деңгейде өтті.
Бұл маңызды білім алаңы Балқаш аудандық әдістемелік орталығының әдіскері Абенова Перизат Қуанышқызының жетекшілігімен жүзеге асты. Семинардың басты мақсаты – педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттырып, сабаққа белсенді оқыту әдістерін енгізу болды. Перизат Қуанышқызы шара барысында «Зерттеушілік дағдыларды қалыптастыру: Биология мен химия сабақтарында проблемалық жағдаяттарды құрастыру алгоритмі» тақырыбында арнайы шеберлік сыныбын өткізіп, ұстаздарға оқушыны ізденіске жетелейтін проблемалық жағдаяттарды құрастыру технологиясын тереңінен меңгертті. Мектептің рухани және ғылыми жобалары:
«STEAM» жобасы, ұстаздар қауымы мектебіміздің мақтанышына айналған «Абай тағлымы», «Туған жердің тұлғалары» және жаратылыстану бағытымен тығыз байланысты «Туған жердің табиғаты» атты бірегей жобаларымен танысып, оқушылардың туған өлкеге деген сүйіспеншілігі мен зерттеушілік қызығушылығына тәнті болды.
Тәжірибеге бай ашық сабақтар:
* Биология пәнінен тәжірибелі ұстаздар С.А. Аманова мен А.Қ. Оразымбет 10-сынып оқушыларымен селекция, гибридизация және мутагенез тақырыптарында керемет ашық сабақтар көрсетті.
* Химия пәнінен Б.С. Серік және А.Қ. Сайлаубай 9-сыныпта ауыр металдардың қоршаған ортаға әсерін зерттесе, Ә.Ғ. Алпысбай 7-сыныпта химиялық элементтердің атомдық массасын есептеуді үйретті.
Бұл сабақтарда оқушылар зерттеу сұрақтарына жауап іздеп, сыни ойлауға жетелейтін тапсырмаларды орындады, «БиС» технологиясы Логика картасымен сұрақтар қоюды дағдыланды.
Ерекше сәттер:
Семинар қонақтары бүкіл мектеп болып үнсіздікке шоматын «Жаппай кітап оқу» жобасының куәсі болып, үлкен шабыт алды!
Шара соңында қатысушылар дөңгелек үстел басында рефлексия жасап, ұсыныс-тілектерімен бөлісті. Осындай ауқымды тәжірибе алмасу алаңын құрып, ұстаздарға бағыт-бағдар берген Перизат Қуанышқызына және ашық сабақ өткізген барлық жаңашыл мұғалімдерге үлкен алғыс білдіреміз! Білім көші ілгерілей берсін!

